Rolls-Royce өндіріс басталғанға дейін 100 жаңа электрлі көлігін сатты

АСТАНА. KAZINFORM — Rolls-Royce 2027 жылы басталуы тиіс өндіріске дейін Рroject Nightingale атты барлық 100 кабриолетті сатқан. Енді көлік иелері толықтай персоналды, тапсырыс берушінің талғамына сай ерекше жабдықталған көліктерді алады, деп хабарлайды ABC News .

Фото: ABC News

Өндіріс тек 2027 жылы басталатынына қарамастан, 100 автокөліктен тұратын шектеулі сериясы толығымен сатылып үлгерді. Көлікті алуға қызыққандар қазір күту тізіміне жазылып жатыр.

Rolls-Royce бас директоры Крис Браунриджтің айтуынша, Project Nightingale брендтің алғашқы жобасы болып, әр клиенттің талғамына сай автокөліктерді персоналдауды қарастырады. Шанақ дизайны біркелкі, бірақ безендіру, ішкі жабдықтар мен жеке элементтер әр тапсырыс берушінің қалауы бойынша өзгеше болады.

Электр көлігін өндіру компанияның Гудвудтағы зауытында басталады, тұтынушыларға алғашқы жеткізілім 2028 жылы жүзеге асады деп жоспарланған.

Rolls-Royce сонымен қатар өндірістік кешенді кеңейтуді жоспарлап отыр. Компания жеке тапсырыстарға арналған автокөліктер шығару үшін қосымша 40 мың шаршы метр алаң салуға 300 млн фунт стерлингтен астам инвестиция салған.

Браунридж әлемдік экономиканың тұрақсыздығы мен Таяу Шығыстағы жағдайға қарамастан персоналдауға сұраныстың артқанын атап өтті.

Жаңа модельдің бағасы ресми түрде жарияланбаған. Rolls-Royce тек оның «айрықша экстравагантты» премиум-класс автокөлігі екенін жеткізді.

Айта кетейік, Қытай автонарығындағы гипербәсекелестік бағаның күрт төмендеуіне әкелді. АҚШ-тағы орташа жаңа көліктің бағасына BYD және Geely компанияларынан қытайлық 5 жаңа электромобиль сатып алуға болады.