НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Украиналық футбол маманы Роман Григорчук елордалық «Астана» командасының бас бапкері қызметінен кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат клубтың сайтына сілтеме жасап.
Роман Григорчук 2018-2019 жылдарда аздаған үзіліспен «Астанаға» басшылық етті. Былтыр оның басшылығымен команда Қазақстан Премьер-лигасында чемпион атанып, Еуропа лигасы топтық кезеңінде сынға түсті.
Р. Григорчук футболшылық өмірінде 1988-2000 жылдарда Украина, Австрия, Польша, Ресей, Латвия елдерінде ойын көрсеткен. Ал өзінің бапкерлік қызметінде ол Латвияның «Динабург», «Вентспилс», Украинаның «Металлург» (Запорожье), «Черноморец» (Одесса), Әзербайжанның «Габала» командаларына жетекшілік жасады.
Сондай-ақ, клубта бас бапкердің көмекшілері қызметін атқарған Михаил Савка, Анатолий Коротя және қақпашылар бапкері Андрей Глущенко да «Астанадан» кетті.
Жаңа бапкердің есімі жақын күндерде белгілі болады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.