Роман Скляр қазақстандықтардың жеке деректерінің ұрлануы туралы пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Тәуелсіздік сарайындағы «Орталық Азия-Қытай» саммитінің кулуарында қазақстандықтардың жеке деректерінің ұрлануы туралы пікір білдірді.
- Кеше ол туралы естідім. Ал өзімнің жеке деректерімнің ұрланғанын қалай тексеру керектігін білмеймін. Бүгін Цифрлық даму министрлігі мұның себептерін анықтау үшін тыңғылықты тексеру жүргізетіні туралы баспасөз релизін шығарып, қорытындыларын жариялауға уәде берді. Бұл бұрын ұрланған деректер ме, жаңа факт тіркеліп отыр ма, зардабы қандай екенін сол кезде білеміз, - деді ол.
Айтуынша, мамандар ұрланды делінген деректердің маңыздылық сипатына да мән бермек.
- Егер алаяқтыққа жол ашуға мүмкіндік беретін құпия деректер ұрланған болса, сәйкесінше шара қолданылады, - деді Роман Скляр.
Еске салсақ, кеше «Қазақстан тұрғындары 2024» атауымен тіркелген жаңа ауқымды дерекқордың интернет кеңістігіне тарағаны анықталған болатын.
Осыған дейін жеке деректердің таралуына қатысты тексеру жүргізіліп жатқаны туралы жаздық.