Роман Скляр неміс инвесторларына: Жеңді түре жұмыс істеуге дайынбыз

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр неміс бизнесмендеріне елімізде шетелдік инвесторларға қандай қолдау көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан экономиканың таза, инновациялық, әртараптандырылған моделіне сенімді бағыт алып келе жатыр. Инвесторларға кешенді қолдау көрсету ұлттық басымдықтың бірі ретінде айқындалған. Әрбір инвесторға жеке қолдау көрсету әрі сүйемелдеу ұстанымы енгізілген. Мемлекет басшысының қатысуымен Шетел инвесторлары кеңесі жұмыс істейді. Премьер-Министр жанында инвестициялық штаб бар. Бұған қоса Премьер-Министр инвестициялық омбудсмен саналады», - деді Роман Скляр елордада өткен Қазақстан-герман бизнес форумында.

Бірінші вице-премьер ағылшын құқығына негізделген тәуелсіз соты, Халықаралық арбитраж орталығы бар Орталық Азиядағы жалғыз «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейтінін атап өтті. АХҚО қатысушыларына 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер беріліп, валюталық, визалық және еңбек режимдері оңайлатылған.

«Еліміздің барлық дерлік өңіріндегі экономикалық басымдыққа ие салаларында арнаулы экономикалық және индустриялық аймақтар құрылған. Медициналық білім мен ғылым саласындағы алдыңғы қатарлы тәжірибе орталығы бар. Нанотехнологияны, кәсіпкерлік пен инновациялық экономиканы дамыту саласында көптеген технологиялық парк жұмыс істейді», - деді ол.

Ол Қазақстан аумағы арқылы Еуропа мен Азияны жалғайтын халықаралық көлік дәлізі де өтетіндігін баса айтты.

«Елімізде инвестициялық және бизнес ахуалды жақсарту бағытында жүргізіліп жатқан институционалды реформалардың тек бір бөлігін ғана атадым. Алдымызда жұмыс көп және жеңді түре жұмыс істеуге дайынбыз», - деді Роман Скляр.