Роналду «Әл-Наср» командасымен келісімшарт мерзімін ұзартты

Фото: «Әл-Наср» ФК

АСТАНА. KAZINFORM – «Алтын доптың» бес дүркін иегері, танымал португалиялық футболшы Криштиану Роналду «Әл-Наср» командасында тағы 2 жыл доп тебеді. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлады.

Championat.com спорт порталының мәліметінше, қос тарап 2027 жылға дейін жарамды жаңа келісімшартқа қол қойған. 

Бір қызығы, «Әл-Наср» өткен маусымда бірде-бір жүлде ұтқан жоқ. Сауд Арабиясы чемпионатында команда 70 ұпай жинап, турнирлік кестеде үшінші орынға табан тіреді.

Криштиану Роналду саудиялық клуб жейдесімен 2023 жылдың қаңтарынан бері өнер көрсетіп жүр. Өткен маусымда португалиялық сұрмерген аталған клуб сапында барлық жарыста 35 гол соғып, 4 нәтижелі пасымен көзге түсті.

25 маусымда осы клубты жаттықтырған италиялық маман Стефано Пиоли бас бапкер қызметінен кеткен болатын. Қазіргі кезде «Әл-Наср» басшылығы жаңа жаттықтырушы іздеуге кірісті. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Криштиану Роналдудың ұлттық құрама сапында тағы бір рекорд орнатқанын жазған едік.