АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлем футболының жұлдыздары Лионель Месси мен Криштиану Роналду футболдан әлем чемпионаты финалдық сатысына бесінші мәрте қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Лионель Месси 2006, 2010, 2014, 2018 жылдардағы әлем чемпионаттарында бақ сынады. Дүбірлі доданың финалдық сатысында 19 ойында қарсыластар қақпасына 6 гол соқты.
Ал Криштиану Роналду 2006 жылдан бері әлем чемпионаты финалдық сатысында ұлттық құрама сапында 17 кездесуде 7 мәрте мергендік танытты.
Сондай-ақ, осындай мәртебеге мексикалық Андрес Гуардадо және Гильермо Очоа ие болып отыр.
Бұрынғы жылдары мұндай жетістікті мексикалық Антонио Карбахаль (1950-1966) мен Рафаэль Маркес (2002-2018), германиялық Лотар Маттеус (1982-1998) қол жеткізген еді. Ал Италия құрамасының қақпашысы Джанлуиджи Буффон бес турнирге қатысқанымен, оның төртеуінде ғана жасыл алаңғы шықты.
Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан әлем чемпионатына қай команда көп ойыншы жібергені хабарланды.
Фото: gettyimages.com
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.