Роналду Сауд Арабиясында қалуға ниетті екенін мәлімдеді

Фото: aa.com.tr

АСТАНА. KAZINFORM – Португалия құрамасының және саудиялық «Әл-Наср» клубының шабуылшысы Криштиану Роналду Сауд Арабиясынан кетуге ниеті жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Kazinform Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.

– Сауд Арабиясының біріншілігінде ойнай беремін. Бұл ел мені, менің отбасымды және достарымды құшақ жая қарсы алды. Мен осында және қазіргі клубымның сапында өзімді бақытты сезінемін, - деді футболшы Сауд Арабиясының Thmanyah телеарнасына берген сұхбатында. 

Әлемдік футбол жұлдызы бұған дейін бойкотқа байланысты қатарынан екі ойынға қатыспаған болатын. Бойкот Сауд Арабиясының ұлттық әл-ауқат қорына наразылықтан туындады. 41 жастағы Роналдудың айтуынша, олар «Әл-Хилялды» қолдап, «Әл-Насрға» аз қаржы бөледі. 

«Әл-Наср» Сауд Арабиясы Про-Лигасының кестесінде 55 ұпаймен көш басына шығып, «Әл-Хилялдан» бір ұпайға ұзады. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Португалияда вандал Криштиану Роналдудың мүсінін өртеп жібергенін жазған едік.