АСТАНА. ҚазАқпарат – Португалия құрамасының шабуылшысы әрі капитаны Криштиану Роналду 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Исландиямен сырт алаңдағы матчта өз командасын бастап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл 38 жастағы К.Роналдудың ұлттық құрама сапындағы 200-інші ойыны. Сөйтіп португалиялық шабуылшы футбол тарихында осындай көрсеткішке қол жеткізген бірінші ойыншы атанды. Бұрын рекорд кувейттік Бадер аль-Мутаваға тиесілі еді. Ол өз құрамасының сапында 196 кездесу өткізді.
Айта кетейік, Португалия құрамасы J тобында 3 ойыннан кейін 9 ұпай жинап, жекедара көш бастап келеді. Қарсыластар қақпасына 13 доп соқса, өздеріне бірде-бір гол өткізген жоқ.
Қазіргі сәтте португалиялықтар Исландиямен ойнап жатыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).