Роналдудың әлеуметтік желідегі жазылушылар саны 1 миллиардқа жетті

Фото: Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM – «Әл-Насрдың» португалдық шабуылшысы Криштиану Роналдудың әлеуметтік желідегі жазылушыларының саны 1 миллиардқа жетті. Бұл туралы футболшының өзі Instagram парақшасында хабарлады.

Ол тарихта мұндай нәтижеге қол жеткізген алғашқы адам болды.

«Біз тарих жасадық – 1 миллиард жазылушы! Бұл жай ғана сан емес, бұл – біздің ортақ ұмтылысымыз, ойынға деген сүйіспеншілігіміздің дәлелі. Мадейра көшелерінен бастап әлемдік деңгейге дейін әрқашан отбасым үшін және сіздер үшін ойнадым, қазір біз 1 миллиардқа жеттік. Маған сеніп, мені қолдап, өмірімнің бір бөлігі болғаныңыз үшін рақмет. Ең жақсысы әлі алда, біз бірге жеңіп, тарихты өз қолымызбен жазамыз», – деді Роналду.

Фото: Футболшының Instagram парақшасынан

Айта кетейік, тамыз айында 39 жастағы ойыншы YouTube желісінде жеке парақшасын ашқанын мәлімдеген болатын. Роналдудың бұл платформадағы жазылушылар саны рекордтық деңгейге дейін өсті. Қазіргі уақытта Криштианудың YouTube-те 60 миллионнан астам жазылушысы бар.

Сонымен қатар, Роналду ресми матчтарда 900 гол соққан алғашқы ойыншы атанды.