«Росатом» Тәжікстанда шағын АЭС салу мүмкіндігін қарастырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Тәжікстан мен Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы елде шағын атом электр станцияларын салу перспективасын талқылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі.

Фото: Anadolu

Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрлігінің мәліметінше, бұл мәселе 26 қарашада Душанбеде министр Далер Джума мен «Росатом» компаниясының Орталық Азиядағы өкілдігі бас директорының орынбасары Дмитрий Константиновтың кездесуінде талқыланды. 

Аталған жиында тараптар шағын атом электр станцияларын салудың техникалық, экономикалық және экологиялық мүмкіндіктерін жан-жақты зерделеп, қауіпсіздік талаптарын сақтау және осы салаға қажетті мамандар даярлау жөнінде пікір алмасты.

Кездесу соңында тараптар келіссөздерді жалғастырып, өзара ынтымақтастықты кеңейту жолдарын қарастыруға уағдаласты. Алайда шағын АЭС салу жөнінде әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Сондай-ақ жобаның қуаты, құрылыс орны, құны мен мерзімі әзірге нақтыланбаған.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің жіктемесіне сәйкес, бір энергоблоктың электр қуаты 300 МВт-қа дейінгі қондырғылар шағын модульдік реакторларға жатады. Тәжікстан үшін мұндай жобалар гидроэнергетикаға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Ал Еуропа қайта құру және даму банкінің дерегінше, елдегі электр энергиясының 94 пайызы су электр станцияларында өндіріледі.

Айта кетейік, Тәжікстан 2035 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 15 пайыз азайтуды көздеп отыр.