«Роскосмос» Жезқазған маңында болған адам өлімінің себебін түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Роскосмос» Жезқазған маңында «Союз 2.1а» зымыран тасымалдағышы бөлшектерінің құлауы оқиғасының мән-жайы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Зымыранның қосалқы бөлшектерінің құлау аумағында ауа райының қолайсыздығына байланысты ( 34 градус, желдің ұйытқуы 15м/сек) жазық далада от тұтанды. Тұрғындарға төнген қауіп жоқ, өрт салдары жойылды. Өрт сөндіру барысында КамАЗ автокөлігін басқарған  «Машина жасау ҰҚ» жұмысшысы қаза тапты. Қатты жел тұруы салдарынан КамАЗ отқа оранды», - делінген Роскосмос хабарламасында.

Ресей ғарыш айлағында «Машина жасау ҰҚ» АҚ («Роскосмос» мемлекеттік корпорациясына кірмейді) құлау аудандарын пайдалануға беруді қамтамасыз етумен айналысатындығы анықталды.

Ведомствоның мәліметінше, 2017 жылдың 14 маусымында «Союз 2-1а»  зымыран тасымалдағышы Халықаралық ғарыш станциясы бағдарламасымен «Прогресс МС-06» жүк кемесімен ұшырылуы сәтті аяқталғаннан кейін оның бөлінген бөлшектері Жезқазғанның батыс аумағында, 50 шақырым қашықтықта орналасқан  алдын ала белгіленген жерге құлаған.

 Роскосмос марқұмның туған-туысқандарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.