Роттердам портында 8 тонна кокаин тәркіленді

РОТТЕРДАМ. ҚазАқпарат – Нидерландтың кеден қызметі кокаиннің аса ірі партиясын тәркіледі. Бұл патшалық тарихында бұрын-соңды болмаған көлем. Есірткі банандар салынған контейнерден табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.

13 шілде күні Нидерландтың кеден қызметі Роттердам портында 8 тоннадан астам кокаин тапты. Алайда, бұл туралы БАҚ-қа енді жарияланып отыр.

Мемлекеттік прокуратураның мәліметінше, бұл патшалық тарихында тәркіленген есірткінің аса ірі көлемі.

Банан салынған контейнерден табылған кокаиннің құны 600 миллион еуроға бағаланып отыр.

Жүк Эквадордан Роттердамға Панама арқылы жеткен. Соңғы жылдары Эквадор Еуропа мен АҚШ-қа кокаиннің негізгі экспорттаушыларының біріне айналды. Осы күзде Нидерланд кедені кедендік келісімді талқылау үшін Эквадорға делегация жібермекші.