Роттердамда сенсация: Александр Шевченко әлемнің 7-ракеткасын ұтты
20:19, 15 Ақпан 2024
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның екінші, әлемнің 57-ракеткасы Александр Шевченко Роттердам (Нидерланд) ATP 500 турнирінің ширек финалына шықты.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 7-ракеткасы, даниялық Хольгер Руненің меселін қайырды.
Бірінші партияда есеп 4:4 болған мезетте Шевченко брейк жасай алды - 6:4.
Екінші сетте Руне басымдық танытты - 6:1.
Үшінші, шешуші партияда Шевченко тағы бір брейк жасап, матчты жеңіспен түйіндеді - 6:3.
Бәсеке бір жарым сағаттан астам уақытқа созылды.
Александр Шевченко жартылай финалға шығу үшін әлемнің 13-ракеткасы, болгариялық Григор Димитровпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Бахрейндегі жарыстың жартылай финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.