Роза Әлқожа жас та болса жақсы, есті әндерімен халық жүрегін жаулап алды - Мақпал Жүнісова

АЛМАТЫ. Ақпанның 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Сахна жұлдызы ретінде халық сені сағынып, ылғи іздеп жүрсін. Қазақстанның халық артисі Мақпал Жүнісова кеше Алматыда ақын, әнші, сазгер Роза Әлқожаның "Мына өмір ғажап қандай" деп аталатын алғашқы шығармашылық кешінде оған осындай тілек білдірді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Роза Әлқожа жас та болса өзін-өзі халыққа танытқан және жақсы, есті әндерімен халық жүрегіне жол тапқан қыздардың бірі. Әндеріңмен халықты сүйсінтіп, әрдайым жоғары биіктен көріне бер. Болашақта сахнаның үлкен жұлдызы ретінде халық сағынып, ылғи іздеп жүрсін. Сәт сапар тілеймін", дейді Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мақпал Жүнісова. Өнер жұлдызы Роза Әлқожамен таяуда ғана жақын танысқанын, енді алдағы уақытта халыққа сазгердің жаңа әндерін таныстыруға ықыласты екенін айтты. Сондай-ақ шығармашылық кештің шымылдығын ашып, Р. Әлқожаның "Мына өмір ғажап қандай" деп аталатын жаңа альбомының тұсауын кесті. 9-шы сыныптан бастап ән жазған жас сазгердің бүгінгі таңда 40-қа жуық әні бар. Оның шығармаларын орындап жүрген "Кеме қалған" тобы мен Ажар Түзелбекқызы, Баян Нұрмышева, Ақбота Керімбекова, Еркін Нұржанов, Ләззат Жанаманова, Жаппар Маликов сияқты әншілер кеш қонағы болды.