Роза Бағланованың 95 жылдығына орай әншілер байқауы өтті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Биыл сандуғаш үнді Сыр қызы Роза Бағланованың туғанына 95 жыл толуына орай Қармақшы ауданында "Бұлбұл әнші" байқауы өтті, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі аудандық әкімдікке сілтеме жасап.

Қызылорданың топырағында туып, әнімен әлемге танылған Роза Бағланова өнерде өзгеше із қалдырды. Оның күмістей сыңғырлаған үні мен әсем әуендері ел есінде қалды.

Байқауға елді мекендерден 13 өнерпаз қатысып, өнерлерін ортаға салды. Қазылар алқасының шешімімен І орын Қызылтам ауылының жас әншісі Арайлым Махамбетжановаға берілсе, ІІ орын Дүр Оңғар ауылының өнерпазы Нұртуған Алматовқа бұйырды. Ал ІІІ орынды Төребай би ауылының өнерпазы Хамза Ұзақов пен ІІІ-Интернационал ауылының жас әншісі Нұржан Елубай иеленді.

Барлық қатысушыларға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің алғыс хаттары табысталды.