Роза Рымбаева Жапонияның Хиросима қаласында концерт берді
ҚР Жапониядағы Елшілігі және «Хиросима-Семей проджэкт» үкіметтік емес ұйымының қолғабыс етуімен Хиросима қаласында ҚР Халық әртісі Роза Рымбаеваның қайырымдылық концерттері өтті. Бұл туралы ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен хабарлады.
Концерттерге Жапонияның мемлекеттік органдары, іскерлік топтары, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, Хиросима тұрғындары мен жергілікті БАҚ-тар қатысты.
Р.Рымбаеваның әдемі дауысы жапондық тыңдармандарды қуанышқа бөлеп, әншінің таланты мен өнерінен алған әсерлеріне ризашылықтарын білдірді.
Ядролық қаруға қарсы қозғалыстың әнұранына айналған «Заманай» әні Р.Рымбаеваның осы жолғы репертуарының басты әні болып, ол ағылшын және жапон тілдерінде жырланды.
Сондай-ақ Р.Рымбаева Хиросима префектурасы мен қала басшылары және Семей аймағын қалпына келтіру саласында Қазақстанмен жұмыс жүргізіп отырған жапондық ұйымдармен кездесулер өткізді.
Жапондық саясаткерлер 1991 жылы 29 тамызда Семей полигонын жабуға қатысты ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тарихи шешiмiнiң маңыздылығын атап, ядролық қарудан өз еркiмен бас тартқан Қазақстанның ғаламдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қосып отырған үлесінің ерекше екенін айтты.
Сонымен қатар Елшіліктің бастамасымен Хиросима қаласында ү.ж. 22 тамызға дейін Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күніне, сондай-ақ Қазақстанның ғаламдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қосып келе жатқан үлесiне арналған арнайы фотокөрме өткізіліп отыр, ал 29 тамыз - 7 қыркүйек аралығында аталған шара Нагасаки қаласында ұйымдастырылатын болады.