Роза Рымбаева «Жарма ауданының Құрметті азаматы» атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әнші Роза Рымбаева өзі дүниеге келген Жарма ауданының халқына арнап жеке концертін тегін өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ШҚО Ақпараттық орталығына сілтеме жасап.

Биыл алпысқа толып отырған әнші Шығыс Қазақстанда бастау алған «Туған жер» бағдарламасы аясында Қалбатау ауылында концертін өткізді. Әнші жеке концертін жерлестері үшін тегін өткізген. Бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналған әншінің концерті күні аудандық мәдениет үйіне ине шаншар орын болмады.

Концерт барысында Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов Роза Рымбаеваға алғысын білдіріп, әншіге «Жарма ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. Өз кезегінде Роза Қуанышқызы туған еліне зор алғысын білдірді.

«Мен өзім өмір есігін ашқан өңірге келіп, концет бергеніме шын жүректен қуаныштымын. Мұнда бәрі өзгеріп кетіпті. Туған күнімді жерлестерімнің ортасында тойлап жатқаным үшін бақыттымын»,- дейді әнші.

Айта кетсек, Роза Рымбаева қазақ эстрада әншісі, профессор әрі актриса, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, бірнеше халықаралық конкурстардың лауреаты. Құрмет және Парасат ордендерінің иегері. Қырғызстанның (2000) және Өзбекстанның (1984) еңбек сіңірген әртісі. 1977-1979 жылдары «Песня года» фестивалінің ақтық сайысында және КСРО-ның ең үздік «Звуковая дорожка» хит-парадында (1978 ж. 3-орында Алла Пугачева және София Ротарудан кейін) жоғары орыннан көрініп, үлкен танымалдылыққа ие болған.