«Роза Үмбетқызы өзінің бүкіл шығармашылық ғұмырын Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрына арнады. Ол отандық және әлемдік опера туындыларының даңқты арияларын үлкен шеберлікпен орындап әдемі дауысымен, биік мәдениетімен өнерсүйер қауымның шынайы сүйіспеншілігіне бөлене білді», - делінген жеделхатта. Өнер саңлағының алыстағы ауылдар мен шетел сахналарында ән шырқағаны, консерватория қабырғасында шәкірттерге дәріс беріп, лайықты ізбасарлар тәрбиелегені айтылған. Сондай-ақ еңбегімен ел құрметіне бөленіп, Кеңес Одағының және Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланғаны, жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталғаны айтылып, әйгілі әншінің есімі мен өнері әрдайым халқымызбен бірге жасай беретіндігі аталып өтілген.