ОРАЛ. 8 қаңтар. ҚазАқпарат - Рождество мейрамы Орал қаласында да кеңінен тойланды. Православие дінін тұтынушылар мерекесі әдеттегідей қаладағы шіркеулерде өткізілді.
7 қаңтар күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қаладағы Құтқарушы Христ храмындағы салтанатты рәсімге қатысып, жиналғандарды құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Мұнда облыс басшысымен бірге оның орынбасары Серік Сүлеймен, қала әкімі Болат Шәкімов келді.
Аталмыш храмға биыл бес мыңдай адам келді. Орал және Ақтөбе архиепископы Антонийдің атап өткеніндей, мұндай ізгі мереке адамдарды бір-бірін сыйлауға, жақсылық атаулыны қастерлеуге жетелейді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).