Руанданың бұрынғы королі жерленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Руандада ақ киім киген мыңдаған адам елдің соңғы королі Кигели V жерлеу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Би-Би-Си агенттігі.

Бұл рәсім бұрынғы корольдік астанасы Ньянз қаласында өткізілді.

Король былтыр қазан айында АҚШ-та көз жұмған болатын. Оның денесі Руандаға енді ғана жеткізілді, өйткені билеушінің туыстары бұған дейін корольді қайда жерлейтініне келісе алмай соттасып келген болатын.

Монарх кеңесшілері келесі король оның туысы Эммануель Бушайиджа болады деп шешіп, оған король Юхи VI деген атау берді.

Жаңа король Англияның солтүстігіндегі Манчестерде муниципальдық үйде тұрады. Еске сала кетсек, Руандада монархия ел тәуелсіздік алғанға дейін 1961 жылы жойылған болатын.