Рубио Иран делегациясынан АҚШ-тан кетуді талап етті – БАҚ

АСТАНА. KAZINFORM — Вашингтон мен Тегеран ирандық дипломаттардың Нью-Йорктен кетуіне қатысты қарама-қайшы мәлімдемелер жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: x.com/SecRubio

28 қыркүйек күні кешкісін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио сыртқы істер министрі Аббас Арагчи бастаған Иран делегациясынан елден дереу кетуді талап етті.

Бұл туралы бейсенбі күні Axios АҚШ шенеунігі мен тағы бір хабардар дереккөзге сілтеме жасай отырып хабарлады. Иранның БҰҰ-дағы өкілдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Axios-тың мәліметінше, Қатардың араағайындығымен өтіп жатқан Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздер тығырыққа тірелгеннен кейін осындай талап қойылған. Дүйсенбі күні таңертең Ақ үй әлі де болса келіссөздер алға жылжи ма деп үміттенген болатын, бірақ кешке қарай тараптар ымыраға келе алмағаны белгілі болды.

Осыдан кейін БҰҰ-дағы АҚШ өкілдігі Рубионың нұсқауы бойынша Иран өкілдігіне делегацияның кетуі қажеттігін хабарлады. АҚШ шенеунігі бұл шешімді БҰҰ Бас Ассамблеясындағы жоғары деңгейдегі іс-шаралардың аяқталуымен түсіндірді. Басылымның мәліметінше, Арагчи мен делегацияның басқа мүшелері бірнеше сағаттан кейін әуежайға аттанып, 29 қыркүйек, сейсенбі күні 01:20-да Дохаға ұшып кетті. Axios-тың екінші дереккөзі АҚШ талабын растаған, бірақ ирандық министр онсыз да дүйсенбі күні кешке кетуді жоспарлағанын айтты.

БҰҰ-дағы Иран өкілдігі делегация Нью-Йорктен алдын ала белгіленген кесте бойынша кеткенін мәлімдеді.

— Нәтижеге қол жеткізе алмаған соң, Мемлекеттік департамент негізсіз және пайдасыз хабарламаларды таратуға көшті, — делінген миссияның X әлеуметтік желі платформасындағы мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, АҚШ пен Иран арасындағы дипломатиялық байланыс үзілмеген. Axios-тың мәліметінше, қатарлық делдалдар екі тараппен де ымыраға келу ұсынысын талқылап жатыр. 
Келіссөздер барысында Ормуз бұғазын ашу, АҚШ-тың Иран порттарына қойған блокадасын тоқтатуы және Иранның ядролық бағдарламасына қатысты шарттар басты тақырып болып отыр.

Тегеран бұған дейін талаптары орындалған жағдайда бұғазды жеті күн ішінде ашу жоспарын ұсынған болатын. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл ұсынысты жариялы түрде кері қайтарды, бірақ келіссөздерді жалғастыруға болатынын білдірген.

Бұған дейін Иран Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қашан жанданатыны АҚШ-қа байланысты екенін мәлімдеген.

АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, америкалық тарап Ормуз бұғазы арқылы рекордтық көлемде мұнай шығарған.

Аббас Арагчи Иранның Ормуз бұғазын ашу туралы ұсынысына АҚШ-тың жауабы сейсенбіден кешікпейді деп үміт білдірген болатын.