Рубио мен Лавров Трамп-Путин келіссөзін талқылады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ пен Ресей сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Марко Рубио мен Сергей Лавров президенттер Дональд Трамп пен Владимир Путиннің телефон арқылы келіссөзін талқылағаны белгілі болды, деп хабарлайды DW ақпарат агенттігі.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров телефон арқылы сөйлесіп, президенттер Дональд Трамп пен Владимир Путиннің келіссөзін талқылады. Бұл туралы дүйсенбі, 20 қазан күні АҚШ және Ресей сыртқы саяси ведомстволары хабарлады.
АҚШ Мемлекеттік департаменті баяндағандай, Рубио мен Лавровтың Трамп пен Путин арасындағы әңгімеден кейінгі «келесі қадамдарды» талқылады.
— Мемлекеттік хатшы алдағы кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, оларды Мәскеу мен Вашингтон үшін Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты президент Трамптың көзқарасына сәйкес ұзақ мерзімді реттеу жолында ынтымақтастық жасау мүмкіндігі ретінде бағалады, — деп хабарлады Мемлекеттік департамент.
Ресей СІМ бұл әңгімені мемлекет басшыларының кездесуінде қол жеткізілген «түсіністіктерді» іске асыру үшін «мүмкін нақты қадамдарды конструктивті талқылау» деп атады.
Путинмен сөйлескеннен кейін Трамп Будапештте кездесу жоспарын жариялады.
Еске сала кетсек, 16 қазан күні АҚШ және Ресей президенттері Дональд Трамп пен Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме екі сағаттан астам уақытқа созылды. Ақ үй басшысы атап өткендей, содан кейін ол Путинмен Будапештте кездеседі.