Рудный қаласында кезекте тұрған 21 отбасы үйлі болды

РУДНЫЙ. KAZINFORM – Рудный қаласында көпқабатты, 21 пәтерлік тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Пәтерлердің кілті қоныс тойын көптен күткен тұрғындарға табысталды.

Фото: Қостанай облысының әкімдігі

«Құрметті, Рудный қаласының тұрғындары, бүгін барлығымыз үшін қуанышты күн, өйткені сіздер пәтер иесі атанып жатсыздар. Адам өміріндегі басты армандардың бірі баспаналы болу емес пе?! Сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Облыс аумағында, сондай-ақ Рудный қаласында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері жүйелі түрде шешіліп келеді. Рудный қаласының тартымдылығын, жайлылығын арттыра түсетін жұмыстар жоспарда. Қазірдің өзінде қалада көптеген өзгеріс бар», - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов салтанатты жиында.

Фото: Қостанай облысының әкімдігі

«Сабыр» деп аталатын жаңа кешеннің пәтерлері әртүрлі. Бір бөлмелі 38 шаршы метр болса, екі бөлмелісі – 56 шаршы метрден 80 шаршы метрге дейін, ал үш бөлмелінің көлемі – 84 шаршы метр. Пәтер кілттері әлеуметтік санаттар бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорының кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Олардың қатарында халықтың осал топ өкілдері, көпбалалы отбасылар және балалар үйінің түлектері бар.

Фото: Қостанай облысының әкімдігі
Фото: Қостанай облысының әкімдігі

«Біз кезекте 2021 жылдың қаңтар айынан бастап тұрдық. Мен көпбалалы анамын, 4 балам бар. Өзіміздің үйіміз ешқашан болмаған, осы күнге дейін жалдамалы пәтерде тұрдық. Бүгін қуанышымда шек жоқ, шынымды айтсам, 3 бөлмелі пәтер алғанымызға әлі сене алмай тұрмын. Бізге осындай қолдау көрсетіп жатқан мемлекетке алғысым шексіз. Бұл үй де, пәтердің өзі де өте ұнады. Балалар өте риза, қазірдің өзінде бір кіргеннен жүгіріп, кең пәтерде ойнап жүр. Енді жақын арада тезірек көшіп келсек деп отырмыз», - деді көпбалалы ана Айжарқын Сариева.

Қалада қазір комфорт санатындағы «Аят» тұрғын үй кешені салынып жатыр. Бұл орталықта орналасқан 6 қабатты 120 пәтерлік кешен болмақ. Құрылысы жүріп жатқан тағы бір нысан – заман талабына сай қонақүй. «Abyroy apart hotel» қаладағы пәтер мен қонақүй мәселесінің ең оңтайлы шешімі әрі қаланың инфрақұрылымы мен сәулетінің ерекше нысаны болмақ. Бас мердігер – кейінгі жылдары Рудныйдағы ескі үйлерді жаңғыртумен және қала келбетін әсемдейтін, жаңа тұрғын үй кешендерін салумен айналысып жүрген QC Holding.

Фото: Қостанай облысының әкімдігі

«Біз бір жылдың ішінде Рудный қаласында төрт үйді пайдалануға бердік. Жергілікті атқарушы органдармен алдағы уақытта да табысты, сапалы және жүйелі жұмыс атқаруға дайынбыз», - дейді компания басшысы Нұралхан Кульчиков.