Рудныйда сот орындаушысына пышақпен шабуылдаған ер адам 15 жылға қамалатын болды

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны алимент өндіру туралы сот шешімін орындаған сот орындаушысына пышақпен шабуыл жасағаны үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Іс алқабилердің қатысуымен қаралды.

Фото: Kazinform

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың мәліметінше, сотталушы 2012 жылдан бері кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеуден жалтарып келген. Соның салдарынан оның берешегі 9 млн теңгеден асқан.

Алимент өндіру туралы атқарушылық құжат сот орындаушысы Х.-ға берілгеннен кейін, ол берешекті өндіріп алу үшін заңда көзделген шараларды қабылдаған.

2026 жылғы ақпанда К. сот орындаушысының жұмыстан шығуын әдейі күткен. Кейін оның көлігінің ішінде шабуыл жасап, пышақпен мойны мен бетіне төрт рет соққы жасаған.

Шабуыл кезінде пышақтың жүзі сынып қалған. Сот орындаушысы қарсылық көрсетіп, көліктен шығып, көмекке шақырған. Сотталушы оқиға орнынан қашып кеткен.

Шабуыл салдарынан жәбірленушінің беті, бетсүйек аймағы және сол жақ білегі жарақаттанған.

Сотта К. өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Прокурор оған 16 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған.

— Алқабилер соты К.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 408-бабы бойынша кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сонымен қатар сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына моральдық зиян, материалдық залал және өкілдік шығындар өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ, — делінген хабарламада.