2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Рудныйдағы 650 млрд теңгенің жобасы кейінге шегерілді

АСТАНА. KAZINFORM — Рудныйда құрылысына бұған дейін 650 млрд теңгеден астам инвестиция салу жоспарланған ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт жобасы белгісіз мерзімге кейінге қалдырылды. ERG компаниясы әзірше жобаны іске қосатын жаңа мерзімді атаған жоқ. Сонымен қатар жоба қайта жанданған жағдайда оның өндірістік қуаты мен инвестиция көлемі бұрынғы жоспардан өзгеруі мүмкін.

Коллаж: Kazinform

ERG компаниясы Kazinform сауалына берген жауабында ыстық брикеттелген темір өндіру жобасын іске қосудың әзірше нақты мерзімі жоқ екенін хабарлады.

Қазіргі уақытта инвестициялық ресурстар басқа басым жобаларға бағытталған. Солардың бірі — жылына 5 млн тонна жоғары темір құрамды окатыш өндіретін жаңа заманауи фабриканың құрылысы.

Зауыт жобасының қуаты мен құны қайта қаралуы мүмкін

Бұған дейін ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыттың жылына 2 млн тонна өнім өндіретіні және жобаға 650 млрд теңгеден астам инвестиция салынатыны айтылған.

Алайда ERG компаниясы жоба қайта іске қосылған жағдайда бұл параметрлердің сақталатынын растаған жоқ. Компанияның мәліметінше, болашақтағы өндірістік қуат пен басқа да көрсеткіштер тиісті шешім қабылданатын сәттегі нарық сыйымдылығын ескере отырып айқындалады, яғни бұған дейін айтылған жоба параметрлерін енді түпкілікті деп есептеуге болмайды.

Келісімшарттық бөлігі де өзгерді. Бұған дейін Primetals Technologies және Midrex Technologies компанияларымен жасалған келісімдердің заңды күші тоқтатылған.

Егер ERG зауыт құрылысын қайта бастау туралы шешім қабылдаса, екі компаниямен де келісімдерді қайта жасау қажет болады. Дегенмен компания Primetals Technologies және Midrex Technologies-пен серіктестік байланысын сақтап отырғанын мәлімдеді.

Қаржыландыру мәселесі кейін қаралады

Ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыттың қаржыландыру схемасы да әзірше анықталған жоқ. Бұл мәселе жобаны қайта іске қосу туралы шешім қабылданғанға дейін кейінге қалдырылды.

Еске салайық, 2025 жылғы қазанда ERG Рудныйдағы ыстық брикеттелген темір өндіретін зауытты салу жобасы аясында Primetals Technologies Austria GmbH және Midrex Technologies Inc. консорциумымен стратегиялық келісімге қол қойған еді. Зауыт Орталық Азиядағы «жасыл» металлургия саласындағы ең ірі кәсіпорындардың біріне айналуға тиіс еді.

Еске салайық, бұған дейін Жаңаөзендегі «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-не экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 2 млн 378 мың 750 теңге көлемінде айыппұл салынғанын хабарлаған едік.