Рудный колледжінде студенттер тамақтан уланды: Сот үкімі шықты

РУДНЫЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысы, Рудный қаласындағы Рудный тау-технология колледжінде студенттердің жаппай тамақтан улану фактісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі kstnews.kz-ке сілтеме жасап.

Осы жылдың 20 сәуірінде Рудный тау-технология колледжінде 35 студент тамақтан уланып қалған болатын. Оның 14-і ауруханаға жатқызылып, қалғаны амбулаторлық емге жіберілді. Барлығы колледж асханасында тамақтанғаннан кейін ауырған. Аталған факті бойынша прокуратураның бақылауымен сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.

Анықталғандай, «S-Salta» ЖШС басшысы С.А.Шугубаева қабылданған міндеттерін елемей, санитарлық нормаларды бұзған, содан жаппай улану орын алды. Сонымен қатар «S-Salta» ЖШС басшысының көрінеу жалған құжаттарды, атап айтқанда медициналық тексеруден өту туралы медициналық кітапшаларды заңсыз пайдалануға қатысы бары анықталды.

Рудный прокуратурасы қылмыстық істі сотқа жолдап, мемлекеттік айыптауы қолдау тапқан.

2023 жылдың 7 тамызында сот үкімімен С.А.Шугубаева жалған құжаттар пайдаланғаны және санитарлық ережелерді бұзғаны үшін кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығын шектелді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.