Рудный қаласындағы технология және сервис колледжі келесі жылдан бастап өз жұмысын тоқтатады. Бұл шара, ең алдымен, бюджет қаржысын үнемдеуге бағытталған. Колледж директоры Төлеген Жабуловтың айтуынша, бүгінде оқу орнын оңтайландырудың егжей-тегжейлі жоспары әзірленген.
«Біздегі аспаз-кондитер, шаштараз, контролер-кассир мамандығында оқитын студенттер тау-кен технология колледжіне, наубайшы мен тігіншілер әлеуметтік-гуманитарлық колледжге, ал автослесарьлар мен автоэлектриктер құрылыс және көлік колледжіне ауыстырылады. Қазіргі міндет - осы білім мекемелері жаңа мамандықтарды оқыту үшін 2019 жылдың 1 наурызына дейін лицензияны алуы қажет. Егер үлгермесе, колледж өз жұмысын уақытша жалғастыра береді. Осы орайда мұғалімдер де, техникалық персонал да жұмыссыз қалмайды», - деп сендірді ол.
Бүгінде колледжде 350 студент оқиды, оның 125-і - бітіруші түлектер. Қалған 225-нің оқуларын басқа білім мекемесінде жалғастыруына тура келеді. Облыстық білім басқармасындағылар оңтайландырудың нәтижесінде үлкен ғимаратты ұстап тұруға кететін қомақты қаражат үнемделетіндігін алға тартады. Үнемделген қаражат басқа колледждердің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға бағытталмақ.