Рудныйда 5-қабаттан құлаған екі жасар сәби мерт болды
11:46, 16 Сәуір 2022
РУДНЫЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының Рудный қаласында 2 жасар сәби терезеден құлап көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жайында мәлімет әлеуметтік желілерде тарады.
13 сәуір күні кешкісін 2020 жылы туған бала Павел Корчагин көшесінде орналасқан үйдің 5-қабатынан құлап кеткен.
Бүлдіршін алған жарақатынан ауруханада қайтыс болды.
Құтқарушылардың айтуынша, бала терезедегі москит торына сүйенген. Салдарынан ол шыдамай, бала тормен бірге жерге құлаған.
Оқиғаның мән-жайын полицейлер анықтап, тексеріп жатыр.
Рудный қаласының төтенше жағдайлар басқармасы балаларды пәтерде қараусыз қалдырмай, сақтық шараларын ұмытпау керектігін еске салады.