Рудныйда мас еркек футбол ойнап жүрген балаларды соққыға жықты: бір бала ауруханада жатыр

Фото:
РУДНЫЙ. ҚазАқпарат – Рудныйда мас ер адам спорт алаңында ойнап жүрген балаларға тиіскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат жергілікті Наша Газета басылымына сілтеме жасап.

Оқиға кеше Ленин көшесі, 177-үй мекенжайы маңында болды.

12-13 жас шамасындағы жасөспірімдер футбол ойнап жүрген спорт алаңына мас ер адам кіріп, доп тебе бастаған.

- Олар кеткісі келген, бірақ ер адам балалардың бірін қуып жетіп, басынан тіземен теуіп, жұдырықпен ұрған. Миы шайқалған бала ауруханаға жатқызылды, қазір дәрігерлердің бақылауында, - деп хабарлады жасөспірімдердің ата-анасы.

Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын мәлім етті.