«Қамқорлық» оңалту орталығы Рудный қалалық көпсалалы ауруханасы жанынан ашылды. Жаңа орталық тірек-қимыл аппараты бұзылған, туа біткен даму кемістігі және жүйке жүйесінің басқа да аурулары бар мұқтаж балалар мен жасөспірімдерге медициналық көмек көрсететін болады. Оңалту орталығы Нұрсұлтан Назарбаев қоры арқылы қаржыландырылған.
«Орталықта барлық заманауи қажетті жабдықтар және оңалту кабинеттері бар.
Жобалық қуаты бойынша бір тәулікте стационарда 20 кереует, күндізгі стационарда 30 кереует жұмыс істейді. Жылына 600 балаға амбулаториялық көмек көрсетеді. Сондай-ақ, мұнда жаңа МРТ құрылғысы әкелінген.
МРТ орнату үшін нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ жабдықтар орнатылды», делінген облыс әкімінің баспасөз хабарламасында.
Облыс әкімі мұнан соң «Жас бөбек» балабақшасының ашылуына қатысты.
Осы жылы ғимаратқа кәсіпкерлер қаражаты есебінен күрделі жөндеу жүргізілді.
Қазір мұнда 13 топ (мемлекеттік тапсырыс аясында 11 топ, 2 коммерциялық топ) 310 бала бар.
Жаңа балабақшаны іске қосу Рудный қаласының мектепке дейінгі мекемелеріне кезекті 20%-ға төмендетуге мүмкіндік берді, сондай-ақ 56 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды.
Сапар соңында Рудный қаласының №7 мектеп-гимназиясының ғимаратында орналасқан №149 сайлау учаскесіне барып, ҚР Парламенті Мәжілісінің алдағы сайлауына дайындықты тексерді. Аталған учаскеде 2346 сайлаушы тіркелген.