Рудныйда зейнетақы алған әжейлерді 27 жастағы жігіт тонап кетті

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Рудныйлық полицейлер зейнеткерлерді тонады деген күдікпен 27 жастағы жігітті ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қостанай облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қылмыскер қарт зейнеткерлерге шабуылдаған. Рудный қалалық ілкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Нұржан Ахметовтің айтуынша, қаскөй жәбірленушілердің зейнетақы алғанын біліп, банктен үйіне дейін аңдып келген.

«Оларды үйдің кіреберісінде аңдып отырып, тұтқиылдан шабуылдаған да, азық-түлік арқалаған сөмкелерін әмияндарымен қоса тартып алып кеткен. Осы дерек бойынша, бұрын қарақшылық жасағаны үшін сотталған 27 жастағы ер адам ұсталды. Ол айыбын мойындады», - деді Н. Ахметов.

Қарақшының шабуылына ұшыраған әжейлердің бірі 77, екіншісі 82 жаста болған.