Рухани дипломатия дәуірі: Әлемдік діндер көшбасшыларының съезі қалай өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі қорытындыланды. Сегізінші мәрте ұйымдастырылған басқосуда сенім ғана емес, ғаламдық келеңсіздіктер мен адамзат ұшырасатын қиындықтардың тиегі тарқатылды. Әрбір ұсыныс өзара достыққа, дінаралық ынтымақтастыққа негізделгенін көрдік. Kazinform тілшісі ғалам дінбасыларының басын қосқан жиында қандай тұжырым жасалғанын тарқатты.
Татулық пен түсіністік тоғысы
Ғасыр басындағы АҚШ-та орын алған террорлық акт діни сенімдердің ортақ ұстанымын нақтылауды керек етті. Әлем діннің теологиялық-пәлсапалық сауалдарға ғана емес, өмірлік қағидаларға да жауап беруін сұрады. Осылайша, 2003 жылдан бастап Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі тұрақты ұйымдастырылып, өзара диалог жанданып келеді. Әр жиында қоғамдағы әлеуметтік үрдістерге жауап іздеу әдетке айналған.
Қазақстан осы үндестікке бастамашы болып отыр. Форум алғаш рет 2003 жылы Астанада ұйымдастырылып, содан бері әр үш жыл сайын өткізіліп келеді. Бүгін, міне, кезекті басқосуы мәресіне жетті.
Бұл жолы діни жиынға әлемнің 60 елінен 100-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында түрлі діннің лидерлері, халықаралық ұйым өкілдері, сарапшылар, саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері бар. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Рим папасы Лев XIV Съезд қатысушыларға бейнеүндеу жолдап, діни көшбасшылардың жауапкершілігі тыныштықтың бірден-бір кепілі екенін жеткізді.
ЖИ: әдептен әрекетке дейін
Ал ашылу салтанатында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы діни ортадағы біршама олқылықты бүкпесіз айтты. Таңдау еркіндігін қорғау және жеке өмірге қол сұғылмаушылық, цифрлық теңдікті қамтамасыз ету және қауіпсіздік, жасанды интеллектіні қолдану сынды жаңа сын-тегеуріндер пайда болғанына назар аудартты. Әсіресе, әдеп нормаларының технологиялық прогресс қарқынына бейімделе алмауын сынаған-ды.
– Әлем жаңа технологиялық дәуірге қарыштап еніп барады. Жасанды интеллект, үлкен дерекқор, биоинженерия және басқа да революциялық жаңашылдықтар адамның тұрмыс-тіршілігін түбегейлі өзгертті. Бірақ этикалық нормалар технологиялық прогрестің қарқынына ілесе алмай жатыр.
Таңдау құқығы мен жеке өмірдің құпиялығын қорғау, цифрлық теңдікті және жасанды интеллектіні пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді көптеген дилемма салдарынан жаңа сын-қатерлер туындады. Дін көшбасшылары адамгершілік құндылықтар мен асқақ мұраттардың сақшысы ретінде адамзаттың цифрлық келешегі туралы пікірталасқа атсалысуы керек деп ойлаймын. Кез келген технология адам игілігіне қызмет етуге тиіс, – деді Президент.
Бұл орайда Мемлекет басшысының басты ұсынысы – Жасанды интеллектіні дамыту әдебі жөніндегі дінаралық комиссиясын құру бастамасы. Идея жүзеге асса, аталған комиссия нейрожелілер мен өзге де серпінді технологияларды жауапкершілікпен пайдаланудың әмбебап қағидаттары жинағын әзірлеумен айналысар еді.
Қазір жасанды интеллект пен дін саласын бөле қарауға болмайды. Кейінгі уақытта түрлі теріс пиғылды діни топтар жасанды интеллектіні насихат құралына айналдыруға көшкен, экстремистер цифрлы технологияны, әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады.
«Халықаралық конфессияаралық және дінаралық диалог орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Гүлсана Қожабайдың айтуынша, комиссия ЖИ-дың адам құқығына нұқсан келтірмеуін назарға алуы маңызды. Тіпті, жұмыс тобы құрылып, мамандар арнайы кодекс әзірлемек.
– Егер Ватикан құжаттарына қарасақ, Рим Папасы Франциск Rome Call деп аталатын «Рим шақыруын» ұсынды. Онда жасанды интеллектіні әзірлеумен айналысатын халықаралық технологиялық компанияларға арналған этикалық және адамгершілік қағидаттар белгіленген. Мұны Қазақстанда да жүзеге асыруға болады, – деп бөлісті маман.
Татарстанның мүфтиі Камил Самигуллиннің айтуынша, діни мәселеде жасанды интеллект жұмысын нақты реттеп, регламенттеген жөн. Өйткені ЖИ көмегімен діни мәтіндерді бұрмалаған оқиға азаймай тұр. Егер жасанды зейін сенім тақырыбына қатысты өнімді сапалы деңгейге әзірлесе, құптауға болады деген пікірде.
– Интернет мүмкіндігін кеңінен пайдаланамын, сондай-ақ жасанды интеллектімен де жұмыс істеу әрекеттері болды. Оны қосымша құрал ретінде қолданса, пайдалы болуы мүмкін. Бірақ, көбіне аяттарға қатысты сұрау салсақ, бұрмалайтын немесе қосып жіберетін тұстары болады. Құранды жатқа білетін адам ретінде оның кейбір сөздерді алмастырғанын бірден байқайсың және осы жағдай бізді ойландырады, – деді Камиль Самигуллин.
Бейбітшілік қозғалысы қақтығысты шеше ме?
Қазақстан ұстанымында бейбітшілікті қорғау анағұрлым табанды болуға тиіс. Себебі әлемде конструктивті ұсыныстар аяқасты болып, геосаяси жіктің арасы алшақтауда. Президент мәселенің шешімі ретінде бейбітшілік қозғалысы идеясын кең талқылауға шақырды. Онда өмір қасиеті, жанашырлық пен мейірімділік секілді құндылықтарды насихаттауға басымдық берілген. Бұл діни иерархиялар зорлық-зомбылықты тоқтатуға және бейбіт шешімдерді іздеуге мүмкіндік бермек.
– Дүние жүзінің әртүрлі аймағында жүріп жатқан гибридті соғыстардың майдан шебі айқын емес. Алайда қисапсыз адам шығынына ұшыратып, толассыз босқындар нөпіріне түрткі болуда. Экономикаға орасан зор залал тигізіп отыр. Ядролық қақтығыс қаупі қатты алаңдатады. Сарапшылар зұлымдық пен мейірімділік тартысқа түсетін мұндай шешуші сәттің болу ықтималдығы соңғы он жылда күрт артқанын жиі айта бастады.
Менің ойымша, мұндай қилы кезеңде диалогқа шақыратын, бірін-бірі жатсынуды доғаруға үндейтін, халықаралық аренадағы өзара сенімді арттыратын басты амал ретінде конструктивті дипломатия алдыңғы орынға шығуы керек, – деді Президент.
Ал дінтанушы Әл-Фараби Болатжан Президент ұсынған рухани дипломатия мен бейбітшілік қозғалысы идеяларының болашағы әлемдік саяси ұстанымға тәуелді деп отыр.
– Бастаманы дұрыс қадам деп есептеймін. Егер Съезд шешімдері халықаралық ұйымдарда кеңінен интеграцияланса, әлемде ықпал ету тетіктері көбірек пайда болады. Съезд бейбітшілікті жақтайтындықтан және дінді саясиландыруға қарсы болғандықтан, дінаралық қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу мүмкіндігі артады. Қазір Съезд шешімдерінің діни күші жоқ, бірақ егер оларға халықаралық және өңірлік ұйымдардың қолдауымен мәртебе берілсе, олар заңды күшке ие болып, проблемаларды нақты шеше алады, – деді дінтанушы.
Әскери қақтығыстар тақырыбының тиегі ағытылғалы дінбасылар Таяу Шығыс пен Газадағы қасіретті сөз етті. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған дін лидерлері бейбіт тұрғындардың бас амандығын қолдап, соғыстың аяқталуына діни ортадағы ынтымақтың көмегі барын айтты.
Осы орайда Қазақстан кедейлікті азайтуға, гуманитарлық көмек көрсетуде нәтижелі жұмыс істеп келеді. Бастысы, мұсылман елдеріне, соның ішінде Ауғанстанға гуманитарлық жәрдемнің толастаған кезі жоқ. Еліміз Ислам ынтымақтастығы ұйымының белді мүшесіне айналып, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының құрылуына бастамашы болды. Келер жылы Астанада өтетін Экология және орнықты даму өңірлік саммитінде де Таяу Шығысқа көмек көрсету мәселесі талқыланады деп жоспарланып отыр.
Климат өзгерісі мен гуманитарлық көмек
Сьезде діни мәселеден бөлек, әлемдегі климаттың өзгеруі жағдайына қатысты проблема талқыға түсті. Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияның да бұл мәселеден зардап шегіп отырғанын айтты. Жылда орын алатын құрғақшылық, мұздықтардың еруі, тұщы су қорының азаюы мысал болды.
Президент климат өзгерістеріне қарсы күрестегі дін көшбасшыларының рөлі туралы бірлескен құжат әзірлеуді ұсынды. Сарапшы Гүлсана Қожабайдың сөзінше, дін саласындағы құжаттың қабылдануы климаттың өзгеруіне қатысты көп адамның хабардар болуына әрі ортақ түсінік қалыптастыруына себеп болмақ. Олай дейтіні, әлем халқының 80%-дан астамы қандай да бір дінді ұстанады, егер діни қауымдарға климат өзгерісі ұғымы енсе, өзгеріс жасау жеңіл. Оның үстіне бұл құжат – алғашқы практика емес.
– Айта кетерлік жайт, батыс елдерінде христиандықтың климаттың өзгеруі проблемасына қалай қарайтынына қатысты талдау жүргізілуде. 2015 жылы Рим Папасы Франциск католиктік көзқарас және климаттық проблемаларды шешу жолдары баяндалған папалық құжат – энциклопедиясын шығарды, – деп мысал келтіреді сарапшы.
Құжат демекші, Съезд қорытындысында Әлемдік діндер көшбасшылары съезінің декларациясы қабылданды. Бұған дейін декларация жобасы жұмыс тобында және Съезд хатшылығының отырысында егжей-тегжейлі талқыланған болатын. Барлық ұсыныстар ескеріліп, заманауи қоғамдағы мәселелердің шешу жолы пысықталған еді. Құжатта дәстүрлі дін өкілдерінің ортақ ойы, мақсат-ниеті ашып жазылған, бүгінгі кезіккен келеңсіздікке деген көзқарасы жатық жеткізілген. Алдағы уақытта «Астана бейбітшілік декларациясы 2025» БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-сессиясының ресми құжаты ретінде таратылады деген жоспар бар.
Съезд соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ форум қатысушыларына құрмет көрсетті. Мемлекеттік наградалар, Дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығын, Съездің құрмет медалін, сондай-ақ Ізгі ниет елшілерінің айрықша белгісін табыстады.
Аласапыран кезеңде ең басты құндылық – бейбітшілік пен ынтымақ. Астанаға әр тараптан келген рухани көшбасшылардың арқалаған үміті де, айтқан ойы да тек бейбіт күннің тілеуіне арналды. Сондықтан съезд барысындағы дінбасылардың бірлескен көзқарасы мен қабылдаған құжаты әлемдегі ізгілік жолына сәуле түсіреді деген сенім мол.