Рухани көшбасшылардың беделі мен үндеуі бұрынғыдан да маңызды – Президент

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінде әлем дін көшбасшыларының үн қатуы айрықша маңызды екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан әрдайым келіспеушіліктерді БҰҰ Жарғысы рухында келіссөздер үстелінде реттеуге тырысты. Санкциялар мен күш қолдану ешқашан мәселені шешпейді. Мұндай сәттерде біз гуманитарлық идеяларға қайта оралуымыз керек. Дәстүрлі діндер гуманитарлық идеяларды әрқашан қорғайды. Адам құқықтарын құрметтеу, бір-бірін сыйлау, өзара көмек, ашықтық пен әділет, теңдік – бұл жаңа қауіпсіздік жүйесінің тірегі, сондықтан бүгінде рухани көшбасшылардың моральдық беделі мен үндеуі бұрынғыдан да маңызды», - деді ол «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» пленарлық отырысында.

Президенттің айтуынша, жаһандық проблемаларды сындарлы диалогсыз және өзара тиімді ынтымақсыз шешу мүмкін емес.

«Осыған байланысты қасиетті Рим Папасы Франциск пен жоғарғы имам Әл-Азхар Шейх Ахмед ат-Тайебтің әлемде өзара құрмет пен қатар өмір сүру үшін үндеуінің маңыздылығын атап өткім келеді. Жаһандық проблемаларды сындарлы диалогсыз және өзара тиімді ынтымақтастықсыз шешу мүмкін емес», - деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустан кейін туындаған жаһандық мәселелерді атаған еді.