Рухани тәрбие беруде әннің, сөздің мәртебесі өте биік ? Қазақстан қажылар қауымдастығы төрағасының орынбасары

АЛМАТЫ. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Алматыда Қазақстан өнер шеберлерінің қатысуымен «Иман, Ислам - өнерім, өмірім» деп аталатын алғашқы рухани ән кеші өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Бұл ислам дінінің адамзатқа ортақ асыл құндылықтарын насихаттауға бағытталған бір шара. Ол ән кеші арқылы жасалмақ. Елімізде осыдан 10-15 жыл бұрын діни әуендерді шырқайтын әншілер санаулы-ақ болатын. Сондықтан бұл ән кеші тәрбиелік мәні бар, ғибратты, мағыналы іс болып отыр», - дейді Қазақстан қажылар қауымдастығы төрағасының төрағасы Еркін Дуанаев. Ал төрағаның орынбасары Ақжол Мейірбектің сөзіне қарағанда, халыққа рухани тәрбие беруде әннің, сөздің мәртебесі өте биік. Өйткені ол жүректен өтеді. Ән кеші сазгер Ескендір Хасанғалиевтің Тұманбай Молдағалиев пен Әбдірахман Асылбектің сөзіне жазылған «О, Алла» әнімен басталды. Кешке Марат Омаров, Майра Ілиясова, Сәкен Қалымов, Сержан Әли, Талғат Зердалиев, Сафуан Рысбайұлы, Юрий Копнов, Фарида Құдайбергенова, Жайлау Зарқынұлы, Ақмарал Жүзімбаева сияқты бірнеше буын өкілдері қатысты. «Тайқазан», «Аманатқа салауат», «Аллаға медет», «Айт құтты болсын», «Түспе тозақ отына», «Құран хақ», «Мұнымен өмір бітпейді», «Ана рухы», «Мінәжат», «Салауат», «Ескерту» және тағы басқа да өнер туындылары орындалып, хадистер оқылып, уағыз айтылды. Ұйымдастырушылар бұл кешті енді алдағы уақытта еліміздің өзге қалаларында өткізуді де жоспарлап отыр.