«Елбасы өзінің мақаласында ең маңызды мәселені, жалпы біздің қазақ қоғамы үшін өте өзекті мәселені көтерді деп санаймын. Тарихшы ретінде айтарым, рухани жаңғыру мәселесі қазақ қоғамында 100 жыл бұрын көтерілген болатын. Оны көтерген Алаш зиялылары еді. Олар ұлт алдында рухани жаңғыру мәселесін, ағартушылық сипатта қойды. Өкінішке қарай Алаш зиялыларының бұл әрекеті іске аспай қалды. Оның себебін түсінуге де болады. Өйткені, ол кезде біздің мемлекеттігіміз болған жоқ, үлкен империяның құрамында болдық. Сол империядағы оңшыл, солшыл күштер қазақ ұлтының, оның зиялыларының ұмтылысына, әрекетіне қолдау көрсеткен емес. Сондықтан ол талпыныс іске аспай қалды», - деді Қойгелдиев.
Осы ретте танымал тарихшы Президент ұсынып отырған бүгінгі рухани жаңғыру іске асу мүмкіншілігі мейлінше жоғары бағдарлама деп санайтындығын баса айтты.
«Өйткені, Құдайға шүкір, Тәуелсіз мемлекеттігіміз, жаңғыру жолында тұрған халқымыз, жастарымыз бар. Сол себепті бұл бағдарламаның іске асу мүмкіншілігі зор деп білемін. Бірақ ол үшін екі нәрсе қажет. Біріншіден, біздің арқа сүйейтін ұлттық құндылықтарымыз мықты болуы тиіс. Ол жөнінде Елбасы өз мақаласында айтып та берді. Яғни, ұлттық құндылықтарға, тарихи тәжірибемізге арқа сүйеуіміз керек. Бұрын жіберген қателіктерімізге жол бермеуге тиіспіз.
Екіншіден, біздің Тәуелсіз мемлекетке тән мінез, ұстаным болуы қажет. Жетекшіл, жалтақ халықтан өз бетінше ойлай алатын, өз мүддесі үшін күресе алатын табанды халыққа, ұлтқа, қоғамға айналуымыз керек», - деп түйіндеді ойын Мәмбет Қойгелдиев.