Рухани жаңғыру жобалары түркі елдеріне таралады

Фото: None
ШОЛПАН-АТА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркі елдері арасындағы мәдени-рухани байланыстарды дамытуға арналған бірнеше жобаны ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде Қазақстанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Менің тапсырмама сәйкес, қазақ тілінің латын графикасына негізделген жаңа әліпбиі әзірленді. Қазақстанның латын графикасына көшуі түркі тілдес елдердің жазу мәдениетін жақындастыра түседі. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдаламасы аясында Қазақстандағы «100 жаңа есім» жобасы жүзеге асырылуда. Тағылымы мол тарихымызда Әл-Фараби, Яссауи, Абай, Юнус Эмре, Низами, Физули, Ұлықбек, Айтматов сияқты ірі-ірі тұлғалар бар. Осыған байланысты Түркі кеңесі аясында «Түркі әлемінің 100 тұлғасы» атты арнайы жобаны әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», - деді Н.Назарбаев Түркі тілдес елдері ынтымақтастық кеңесінің VI саммитінде. 

Өз сөзінде Мемлекет басшысы Түркістан облысының құрылғанын да жеткізді. Осылайша, түбі бір түркі халықтары үшін қастерлі атау өз мәртебесін алды.

«Бұл - біздің тұтастығымызды нығайтып, бірлігімізді бекемдей түсетін тарихи оқиға. Қазір біз облыс орталығының құрылысына кірістік. Егер әрбіреуіміз соған атсалысып, өз архитектурасын, өзінің қол ұшын беретін болсақ, біз риза болар едік», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

«Жоба түркі әлемінің мәдениеті мен тарихын насихаттауға зор үлес қосатынына сенімдімін. Жастар саясатына қатысты жұмыстарды жандандырған жөн. Осы ретте, Түркі кеңесінің жастар форумын жүйелі түрде ұйымдастыруды ұсынамын. Оның аясында ғылыми конференциялар, семинарлар және басқа да шараларды өткізуге болады. Бұдан бөлек, жастардың түркі әлемінің бірегей тарихи жерлеріне өлкетану экспедицияларын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Аталған шаралар жастарды жақындастырып, мәдени ерекшеліктеріміз туралы білімдерін тереңдетуге өз септігін тигізеді», - деді Елбасы.

Айта кетейік, Түркі тілдес елдері ынтымақтастық кеңесінің VI саммиті Ыстық көлдің жағасында өтіп жатыр. Жиынға Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан мен Мажарстанның басшылары қатысуда.

Соңғы жаңалықтар