Рухани жаңғыруға бөлінген қаржы Парламенттің қатаң бақылауында болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018-2020 жылдары Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасына 54 млрд. теңге жұмсалады. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен Рухани жаңғыру жөніндегі ұлттық комиссия отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің басшысы Нұрлан Алдабергенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта Үкімет Қоғамдық сананы жаңғыру бағдарламасын жүргізу үшін 591 млн. теңге бөлініп отыр. Бұл ақша мемлекеттік органдардың күзге дейін жұмыс істеуі үшін беріледі. Оған қоса күзде жылдың соңына дейін тағы 4 миллард теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Үкімет 2018-2020 жылдарға 54 млрд. теңге бөлуді жоспарлап отыр», - деді Нұрлан Алдабергенов.

Оның айтуынша, бұл қаржының жұмсалуы бюджет арқылы, Парламент арқылы қатаң бақылауға алынады. Сонымен қатар бағдарлама қаржысына түзетулер енгізу қажеттігі туындайтын болса, ол бюджеттік комиссия арқылы шешіледі.