Рухани жаңғыруға қанша ақша бөлінеді
Қаржы министрінің міндетін атқарушы Берік Шолпанқұловтың айтуынша, қоғамдық сананы жаңғырту шараларына 33,7 млрд теңге қарастырылған. Соның 11,7 млрд теңгесі келесі жылы бөлінеді.
«Негізі, қазірдің өзінде аталған бағдарлама қоғам өмірінің барлық салаларын қамтиды. Рухани жаңғырудың нәтижелері де айқын. Биыл латын графикасын енгізу бойынша нормативтік актілер әзірленді. Бірқатар оқулықтар мемлекеттік тілге аударылды. «Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында киелі жерлердің электронды картасы жасалды. Қазір төрт фильм дайындалып жатыр. Оның дубляжы бес тілде болады. Келесі жылы визит орталықтарының құрылысы жалғасады», - деді Б.Шолпанқұлов Парламент Мәжілісінде.
Айта кетейік, Б.Шолпанқұлов депутаттарға 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетті таныстырды. Оған сәйкес, келесі жылы зейнетақының орташа мөлшері көтеріледі.
Бұдан бөлек, арендалық баспананың құрылысына қыруар қаржы қарастырылған.
ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов депутаттарға 2019-2023 жылдарға арналған экономикалық даму болжамын да таныстырды.
«2019 жылы мұнай бағасының бір баррелі 66,7 АҚШ долларын құрайды деген болжам бар. Осыны ескере отырып, базалық сценарийде мұнайдың бағасы 60 АҚШ доллары деңгейінде алынды. 2019 жылы жалпы ішкі өнім 3,9 процент деңгейінде, ал 2023 жылы 4,6 процентке дейін өседі. Аталған кезеңде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсу қарқыны 4,2 процент болады деген болжам бар», - дейді Т.Сүлейменов.
Оның айтуынша, келесі жылы номиналды жалпы ішкі өнім 64,1 трлн теңге болса, 2023 жылға дейін аталған көрсеткіш 86,9 трлн теңгеге дейін өседі. Осылайша, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 9,9 мың АҚШ долларынан 12 мың долларға дейін ұлғаяды.