Рухани жаңғыруымыздың тілден басталуы өте орынды - Төрегелді Тұяқбай

АСТАНА. ҚазАқпарат - Рухани жаңғыруымыздың тілден басталуы өте орынды. Мұндай пікірді ҚР Парламенті Мәжілісі аппаратының жауапты қызметкері Төрегелді Тұяқбай білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасы алға қойған үлкен жаһандық бағдарламаның, рухани жаңғыруымыздың тілден басталғаны үшін өте қуаныштымыз. Бүгін Елбасымыз латынға көшуіміз жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Бұл бастаманы көтерген бір бөлек, енді міне нағыз іске асыратын кез келді. Бұл күнді қазақ елінің, Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі деп санау керек. Меніңше,  рухани жаңғыру қай халықта да болмасын алдымен тілінен басталуы тиіс», - деді ол.

Оның пайымынша, қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру ана тіліміздің жаңа бір тынысын ашатын болады. 

«Тәуелсіздік алғаннан бері айтып келе жатқан, қордаланып қалған қазақ тіліндегі түйінді проблемалардың барлығы да латынға көшуіміз арқылы  шешілуі тиіс. Әрине, бұл бір күнде шешіле салмайды. Бірте-бірте шешіледі. Елбасымыздың өзі де 2025 жылға дейін әлі де жұмыс істеуміз керектігін, сол межеде толық көшуді аяқтауымыз тиістігін айтқан болатын. Алдымызда қыруар жұмыстар тұр. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді. Біз мұны көп болып атқаруымыз керек. Латынға көшуді талқылаудың өзі бүкілхалықтық сипатқа ие болды», - деді Төрегелді Тұяқбай.