Рухия Байдүкенова: Роза Рымбаевадан бата алу мен үшін үлкен бақыт

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда өтетін Silk Way Star халықаралық музыкалық байқауының екінші маусымында Қазақстан намысын қорғайтын әнші Рухия Байдүкенова Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында жобаға дайындық барысы туралы айтты.

Фото: newsvitebsk.livejournal.com

Оның айтуынша, өнер жолында ерекше қолдау көрсеткен тұлғалардың бірі — Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева.

— Роза Қуанышқызы мені алғаш рет «Топ жарған» жобасынан көрген екен. Кейін Славян базарына іріктеу кезеңінде жолықтық. Бірде мен өтпей қалған кезде эфир бойы «осы қыз өтуі керек еді» деп айтып отырғанын кейін естідім. Кейін Қазақстан атынан халықаралық байқауға шығатынымды алғаш хабарлаған да Роза Қуанышқызы болды, — дейді Рухия.

Әнші бұған дейін қатысқан, өнер жолының бастамасы жайлы да сөз қозғады. Соның бірі «Славян базарына» дейінгі жолдың оңай болмағанын жасырмады.

Фото: видеодан алынған скрин

— Славян базарына бірнеше рет талпынып барып қатыстым. Бірінші жылы жетекшім «сен барасың, жеңесің, бірақ саған арықтау керек» деген еді. Екінші жылы да бағымды сынадым, бірақ өте алмадым. Үшінші жылы Димаш аға хабарласып, «осы жолы міндетті түрде кастингке баруың керек» деп қолдау көрсетті. Содан кейін тыңғылықты дайындалдым. Екі-үш айдың ішінде 23 келі салмақ тастап, байқауға барып жеңіп келдім, — деді әнші.

Рухия Байдүкенова қазір Қытайда өтетін Silk Way Star халықаралық жобасына дайындалып жатыр. Әншінің сөзінше, бұл байқау Азиядағы ең ауқымды музыкалық жобалардың бірі саналады.

— Бұл байқауды бұрыннан бақылап жүрдім. Бірінші маусым жеңімпазы Мишельмен де кейін таныстым. Silk Way Star — Азия елдерінің «Евровидение» жобасындай деңгейі өте жоғары. Былтыр қатысқым келген, қалай қатысуға болатынын сұрап жүрдім. Сондықтан ұсыныс түскенде бірден келістім, — деді әнші.

Ол қазіргі уақытта репертуар таңдау, хореография және физикалық дайындыққа ерекше көңіл бөліп жүргенін айтты.

Фото: видеодан алынған скрин

— Маған қазір Қазақстан да, Қытайдағы әріптестерім де үлкен үміт артып отыр. Сондықтан жауапкершілік екі есе. Дауысымды сақтап, денсаулығыма мән беріп жүрмін. Мұндай жобаларда психологиялық дайындық та аса маңызды, — деді Рухия Байдүкенова.

Әнші Қытайдағы шығармашылық тәжірибесі кәсіби тұрғыдан үлкен мектеп болғанын да атап өтті.

— Кейде продюсерлер екі сағат қалғанда жаңа ән беріп, соны орындауға дайындайтын. Кейде мүлде естімеген әнді бір сағаттың ішінде жазып шығатынмын. Сол тәжірибе мені шыңдады. Қытайдағы ұстаздарым мен продюсерлерімнен алған білімімді болашаққа салынған үлкен инвестиция деп есептеймін, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін, Роза Рымбаева Рухия Байдүкеноваға сәттілік тілеген еді.