***
Маусымның 1-і күні Астанадағы ҚР Тұңғыш Президенті мұражайының саябағында Қазақ хандығын құрушы Керей мен Жәнібекке арналған монументті мүсіндік-композицияны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашып, сөз сөйледі. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің сәрсенбілік санында «Ұлыстың ұлылары Астанада асқақтады» деген тақырыппен мақала жарияланды. Мақалада «бүгін асқақ Астанамыз тағы бір тағлымы мол сәулет туындысымен толықты. Біз елордамыздың төрінде ұлысымызды ұйыстырған Керей мен Жәнібек хандарға арналған еңселі ескерткіш ашып отырмыз. Бұл тұғырлы тарихымызға, біздің қазақы, елдік дәстүрімізге, мызғымас мемлекетімізге арналған мәңгілік белгі», деп атап өткен Мемлекет басшысының сөзі келтірілген.
Қазақ халқы үшін айтулы оқиғаны «Алаш айнасы» газеті де назарынан тыс қалдырмай бүгінгі нөміріне «Рухқа айналған тұлғаларым - Елордасында әз даламның» деген тақырыппен мақала басқан. «Салихалы Сарыарқа, еңселі елорда апайтөс кеудесіне тарихтың терең тұнбасынан теріп алған тағы бір інжу-маржанды қадады. Қара орман қазақ иістінің тұңғыш хан тұтқан қос арысы Керей мен Жәнібек хандардың жаңадан жасалған ескерткіштері, Астананадағы бұрынғы Президент резиденциясының, қазіргі Қазақстанның Тұңғыш Президенті мұражайының алдындағы шағын саябақ алаңына қойылды. Алаш жұртының жігерін жанып, қазақ елінің қадірін арттырған айтулы шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысты», деп жазады басылым.
«Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы мәдениет күндерінің елордадағы ашылу рәсімі өтіп, айшықты сәттер көп көңіліне шуақты әсер қондырды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Мәдени шара қасиетті Құран-Кәрімнің аятын жүрек толқыр мақаммен оқумен басталып, екі елдің мәдениет саласы басшыларының құттықтау лебіздерімен жалғасты. Еліміздің Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед араб бауырлардың елордаға келуі үлкен тарихи оқиға болып саналатын, себебі Сауд Арабиясы Корольдігінің мәдениет күндері Қазақ елінің астанасында тұңғыш рет өткізіліп отырғандығын атап өтіп, ислам өркениетіндегі мұрат-мүддесі бірегей елдердің саяси-экономикалық әлеуметтік-мәдени, дипломатиялық бағыттағы байланыстары қарқынды дамып келе жатқанын баяндаған.
2010 жылғы мамырдың 28-інде Санкт-Петербор қаласында болып өткен Кеден одағының жоғарғы органы отырысының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында Кеден одағын құру шеңберінде халықаралық келісімдерді қолдану туралы шартқа қол қойылды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде ҚР Үкіметінің Кедендік одаққа қатысты мәлімдемесі жарияланды. «Біздің еліміз үшін азаматтарымыз жеңіл автомобильдерді әкелген кездегі кедендік баж салықтарының өте нәзік мәселе болып табылатыны белгілі. Күрделі келіссөздер нәтижесінде біз Қазақстан үшін азаматтарымызға, бұрын Қазақстанда күшінде болған режімнен де гөрі бейтараптау, жеңілдікті режімді қарастыратын алымдар енгізу жөнінде келісімге келдік», делінген мәлімдемеде.
***
«Қызылжар қазақтары құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне наразы. Осыдан бір ай бұрын тапа тал түсте он шақты адам ұлты қазақ, ағайынды екі жігітті тепкінің астына алып, травматикалық қарумен атып, ауруханадан бір-ақ шығарған болатын. Полицейлер ізін суытпай шабуылдаушыларды қолға түсірген-ді. Қару асынғандар армян ұлтының өкілдері болып шықты», деп жазады «Алаш айнасы» газеті «Ұшқыннан от шығарын неге ескермейміз?» деген тақырыппен берілген мақаласында. Басылымның баяндауынша, екі тәуліктен кейін қалалық прокуратура күдіктілерді босатып жіберген. Мұнымен келіспеген тергеуші облыстық прокуратураға жүгінген. Бірақ олар да қару асынғандардың ісінен қылмыстық әрекет «байқай» алмапты. Оқиғаның егжей-тегжейін басылымның бүгінгі санынан біле аласыздар.
«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, Қырғызстанның уақытша үкіметі мен жергілікті халық жаппай тәртіпсіздіктердің елге береке әкелмейтінін енді түсініп, экономиканы дамытуды қолға алды. Ал қырғыз экономикасының тез сауығатын әрі мол табысты саласы, бұрынғысынша - туризм. Сол себепті билік пен қырғыз кәсіпкерлері Ыстықкөл туристерінің қатары азайғанына алаңдаулы. Олар экономикалық ахуалды реттеу үшін шетелдіктердің, әсіресе демалыс аймағына бұрынғы тұрақты клиенттер - қазақстандықтардың қайта ағылғанын қалайды. Қырғыз елінің бірқатар мемлекет қайраткерлерінің пікірлері қоса берілген мақала басылымда «Мейманын аңсап көл жатыр» деген тақырыппен басылды.
***
«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының сәрсенбілік қонағы - сенатор, ЕҚЫҰ төрағасының мұсылмандарды кемсітушілікке қарсы күрес жөніндегі жеке өкілі Әділ Ахметов. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген сенатордың сұхбаты «Мұсылман әлемінің ғаламдық өркениетке қосқан үлесі өте салмақты» деген тақырыппен берілген.
Алматының күре тамырына айналып жатқан Әл-Фараби даңғылының Ремизовка елді мекенімен қиылысқан нүктесінде ескі қорымның қазіргі жай-күйі биліктің де, дін өкілдерінің де жіті бақылауында тұрғанына бір-екі айдың жүзі болды. Осы жайт арқау болған мақала «Айқын» газетінде «Ремизовка» қорымы көшіріледі» деген тақырыппен берілді. Басылымның жазуынша, аталған қорым тау бөктерінде орналасқан әрі 2011 жылы елімізде өтетін Азиада ойындары үшін салынып жатқан транплиннен қашық емес. Осыған орай Алматы әкімдігі заң шеңберінде қорымдағы сүйектерді басқа жерге көшіруді қолға алған.