Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының лицензиялар мен рұқсат беру құжаттарының санын тағы да қосымша 30 пайызға қысқарту туралы тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Бұл ретте заң жобасымен қолданыстағы 80 заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу көзделеді. Олар лицензиялау принциптеріне сәйкес келмейтін қызметтің жекелеген түрлерінен лицензиялауды жоюға, мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын қысқартуға және оңтайландыруға бағытталады.
«Заң жобасы бойынша елімізде анықталған 1 мың 96 рұқсат беру құжатының жоғары қатердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер етпейтін 257-ісінің күшін жою қарастырылады. Ақпараттық сипаттағы азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп-қатер келтірмейтін 40 рұқсат беруді хабарлама тәртібіне көшіру көзделеді. Осылайша барлығы 30 пайызға жуық рұқсат беру құжаттары қысқартылады. Бұдан бөлек, кейбір рұқсат құжаттарының орнына алғаш рет хабарлама тәртібі енгізіліп отыр», - дейді заң жобасы бойынша баяндаған Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов.