Рульде желім иіскеген атыраулық жігіт 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Рульде желім иіскеген атыраулық жігіт 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Қазір 15 тәулікке әкімшілік қамауда отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары, полиция капитаны Ерсін Қожахметовтің айтуынша, рульде желім иіскеп келе жатқан жүргізуші ұсталған.

«Жедел басқару орталығының қызметкерлері 15 тамызда сағат 17:55 шамасында Атырау қаласының Құрманғазы-Т.Бигелдинов көшелерінің қиылысында ВАЗ – 2115 автокөлігінің жүргізушісі күдік тудырғанын байқаған. Бұл туралы патрульдік полиция қызметкерлеріне хабар берген. Ұсталған 1994 жылғы жүргізуші медициналық сараптамаға жеткізілді. Дәрігердің медициналық қорытындысына сәйкес, жүргізушінің ұшпа (желім) ерітіндісін тұтынғаны анықталды. Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды», - деп хабарлады Ерсін Қожахметов.

Оның айтуына қарағанда, полиция қызметкерлері жинақталған іс-құжаттарын мамандандырылған әкімшілік сотына жолдаған. Сот шешімімен желім иіскеген жігіт 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

«Тұрғындар құқық бұзушының көлік жүргізу кезінде есірткі тектес затты пайдаланғанын бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге таратқан. Мұндай жағдайды 102 операторына немесе қосымшасына, Telegram желісіндегі Белсенді азаматтар 06 жұмыс тобына жіберуге болатынын хабарлаймыз», - деп мәлім етті Ерсін Қожахметов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында кейінгі екі айда 4 жол апатынан 20 адам мерт болғанын жазған едік.