Румен Радев: Қазақстанның ғарыш саласындағы жетістіктерін көріп таңғалдым

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен  келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Болгария Президенті Румен Радев Қазақстанның ғарыш саласындағы жетістіктерін көріп таңғалғанын айтты.

- Қазақстан - стратегиялық серіктестігіміз, Орталық Азия өңіріндегі сенімді серіктесіміз. Қазақстанмен ұзақмерзімді достық қарым-қатынасымыз бар. Ол өзара сенімге, құрметке, қолдауға негізделген қазіргі геосаяси жағдайда, әртүріл сын-қатерлер кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзамен кез келген мәселе халықаралық құқық негізінде және БҰҰ жарғысы негізінде шешілуі тиіс деген ортақ пікірге келдік, - деді Болгария Президенті.

Сонымен қатар ол екі елдің қол жеткізген жетістерінен бөлек әлі де зор әлеуеті бар екенін баса айтты.

- Елдеріміздің арасында көлік, энергетика, цифрландыру, сауда-саттық, экономика мен инвестиция салаларында ынтымақтастық әлеуеті өте өор, Кеше Астанадағы Ғарыш орталығына бардық. Мен Қазақстанның ғарыш саласындағы жетістіктерін көріп таңғалдым, - деді Румен Радев.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елімізге ресми сапармен келген Болгария Президенті Румен Радевті қарсы алғанын жазған едік.

Бірлескен мәлімдеме барысында Президент Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне Болгарияның Бургас және Варна теңіз порттарын қосу мәселесі қарастырылатынын айтты.