Румыния АЭС жұмысын сақтау үшін Дунайдағы жартасты жарды

АСТАНА. KAZINFORM — Румыния әскери күштері Дунай өзеніндегі жартасты жарып, Чернаводэ атом электр станциясына келетін су ағынын көбейтуге тырысты. Мұндай шешім өзен суының күрт тайыздануынан кейін қабылданды. Су деңгейінің төмендеуі станциядағы энергоблоктардың бірінің тұрақты жұмысына қауіп төндірген, деп хабарлайды Euronews .

Фото: AP Photo

Румынияның Әскери-теңіз күштері Дунай арнасындағы жартасты бұзу үшін 180 келі жарылғыш зат қолданды. Бұл туралы елдің қорғаныс министрінің міндетін атқарушы Раду Мирутэ мәлімдеді.

Операцияға саперлер мен сүңгуірлерді қоса алғанда 100-ден астам маман қатысты. Жарылыс алдында олар жыныстың беріктігін тексеріп, жұмыс жүргізілетін аумақты дайындау үшін бірнеше сынақ өткізген.

Жартасты тек екінші әрекетте бұзу мүмкін болды. Румыния Әскери-теңіз күштері қолбасшысының орынбасары Марчел Некулаенің айтуынша, алғашқы жарылыс күткен нәтижені бермеген, себебі тау жынысы алдын ала есептелгеннен әлдеқайда берік болып шыққан.

Жұмыс аяқталғаннан кейін билік Бала тармағынан Ескі Дунайға қарай су ағынының бағытын өзгертуді жоспарлап отыр. Бұл өзен суын жабдықтарды салқындату үшін пайдаланатын Чернаводэ АЭС-іне келетін су көлемін арттыруы тиіс.

Мұндай шұғыл шаралар рекордтық қуаңшылыққа байланысты қолға алынды. Дунайдағы су деңгейі тарихи минимумға дейін төмендеп, бұл кеме қатынасына, туризмге, өнеркәсіпке және Еуропаның бірқатар еліндегі энергетика саласына кері әсерін тигізіп отыр.

Чернаводэ атом электр станциясы Румыниядағы электр энергиясының шамамен бестен бір бөлігін өндіреді. Шілде айының соңында тоқтатылған бірінші энергоблоктың қуаты — 706,5 МВт, ал жұмысын жалғастырып жатқан екінші энергоблоктың қуаты — 704,8 МВт.

Еске салайық, Дунай өзеніндегі су тартылғанына байланысты Мажарстандағы жалғыз атом станциясы жұмысын тоқтатты.