Румыния парламенті жаңа үкіметті бекітті

АСТАНА. KAZINFORM — Румынияның қос палаталы парламенті 20 қазанда тәуелсіз дипломат Лука Никулеску бастаған үкіметті бекітіп, елде жарты жылға созылған саяси дағдарысқа нүкте қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Азертадж

Үкіметті бекітуді 280 депутат пен сенатор қолдады. Қабылдау үшін кемінде 233 дауыс қажет болған, ал 58-і қарсы болды. Дауыс беру Депутаттар палатасы мен Сенаттың бірлескен пленарлық отырысында өтті.

Бұған дейін журналист әрі Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы болған 55 жастағы Лука Никулеску Румынияның ЭЫДҰ-ға қосылу үдерісін үйлестірген. Оны 5 қазанда президент Никушор Дан премьер-министрлікке ұсынды.

Бұл – өткен жылдың мамыр айының басында Илие Боложан үкіметі отставкаға кеткеннен кейінгі премьер-министрлікке ұсынылған төртінші кандидат. Бұған дейін үкімет жасақтаудың үш әрекеті де сәтсіз аяқталған.

Жаңа кабинетте министрлік лауазымдардың шамамен үштен екісін Социал-демократиялық партияның (PSD) өкілдері, қалғанын тәуелсіз мамандар иеленді. Негізгі тағайындаулар арасында: вице-премьер және ішкі істер министрі Мариан Няксу (PSD), қаржы министрі Александру Назаре (тәуелсіз), сыртқы істер министрі Себастьян-Денут Некулэеску (тәуелсіз), қорғаныс министрі Штефан-Раду Опря (PSD) бар.

Үкіметті бекіту кезінде Социал-демократиялық партия (PSD), Ұлттық-либералдық партия (PNL), Румыниядағы мажарлардың демократиялық одағы (UDMR) және ұлттық қауымдастыықтың өкілдері қолдау білдірді. Алайда Ұлттық-либералдық партия мен Румыниядағы мажарлардың демократиялық одағы жаңа үкіметтің құрамына енбеді. Ал оңшыл бағыттағы «Румындарды біріктіру альянсы» (AUR) мен Румынияны құтқару одағы (USR) үкіметке қарсы дауыс берді.

Дауыс беру қорытындысынан кейін Лука Никулеску Румынияның алты айға созылған саяси дағдарыстан шыққанын мәлімдеп, үкімет жұмысына дереу кірісетінін айтты. Жаңа кабинеттің алғашқы отырысы сол күні кешке өтіп, Президент Никушор Дан үкіметті тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Құжат ресми басылымда жарияланды.

Жаңа үкіметтің басты міндеттері – бюджетті қайта қарау және 2027 жылдың бюджетін қабылдау. Румыния Еуропалық одақтағы бюджет тапшылығы ең жоғары елдердің бірі саналады. Биыл тапшылық ЖІӨ-нің 6,2 пайызына жетеді деп жоспарланды. Ел Еуроодақ алдындағы міндеттемесіне сәйкес, бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 3 пайыздан төмендетуге тиіс. Ал 2027 жылдың бюджетін уақытында қабылдау елдің инвестициялық рейтингін сақтау үшін маңызды.

Еуропалық комиссия мен халықаралық рейтингтік агенттіктер саяси дағдарыстың аяқталуын оң бағалады. Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен жаңа премьер-министрді құттықтады.

Бұған дейін Румынияда саяси дағдарыс болып, үкімет басшысыз қалғанын хабарлаған болатынбыз.