Румыния премьері Марчел Чолаку отставкаға кетті

Фото: Фото: nordnews.md

АСТАНА. KAZINFORM – Румыния премьер-министрі Марчел Чолаку отставкаға кететінін және өзі басқаратын Социал-демократиялық партияның билеуші коалиция құрамынан шығатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол партияның отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ВВС.

Бұл шешім елде өткен қайта сайлаудың алғашқы турының нәтижесі аясында қабылданды. Онда ұлтшыл саясаткер, «Румындарды біріктіру альянсының» жетекшісі Джордже Симион жеңіске жетті. Ол енді екінші турда Бухарест мэрі, центрист Никушор Данмен президенттік қызмет үшін күреседі.

Биліктегі коалиция атынан ұсынылған үміткер Крин Антонеску тек үшінші орынды иеленді. Бұған дейін Марчел Чолаку Антонескудың сәтсіз нәтижесінен кейін отставкаға кетуі мүмкін екенін айтқан еді.

— Бұл коалиция өз міндетін орындай алмады және румын халқының дауыс беруінен кейін сенімге лайық емес. Сондықтан мен әріптестеріме Социал-демократиялық партияның коалиция құрамынан шығуын ұсынамын. Егер олар бұл шешімді қолдаса, мен премьер-министр лауазымынан кетемін, — деді Марчел Чолаку. 

Айта кетелік 4 мамырда Румынияда президент сайлауы қайта өткен еді