Румынияда президент қайта сайланатын күн белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM – Жексенбі, 4 мамырда Румынияда президент сайлауының бірінші кезеңі өтеді, деп хабарлайды Euronews.
Мемлекет басшысы лауазымына 11 кандидат таласып отыр. Сауалнамаларға сәйкес, бұл сайлауда фаворит – әсіреоңшыл кандидат, «Румындарды біріктіру альянсының» жетекшісі Джордже Симион.
Оның басты бәсекелестері – үш румын саясаткері: Бухарест мэрі Никушор Дан, үкіметтік коалицияның бірыңғай кандидаты Крин Антонеску және елдің бұрынғы премьер-министрі Виктор Понта.
Euronews атап өткендей, «Румынияны құтқару одағы» оппозициялық партиясының жетекшісі Елена Ласконидің де мүмкіндігі аз емес.
Сайлау алдындағы зерттеулердің біріне сәйкес, сайлау қарсаңында өткізілген теледебат румын сайлаушыларына айтарлықтай әсер еткен.
- Әлеуметтік желі ақпарат үшін де, жалған ақпарат үшін де маңызды рөл атқаратыны анық.
Кейбір үміткерлер оларды басқаша пайдаланады. Біреулер дәстүрлі БАҚ-ты көбірек пайдаланса, енді біреулер жаппай әлеуметтік желілерге жүгінеді. Джордже Симион, әрине, онлайн науқанға сүйенеді, бірақ бұл әсіре оңшыл көшбасшылардың ортақ қасиеті, - деді саясаттанушы Кристиан Пырвулеску Euronews-ке.
Румыния азаматтары жаңа мемлекет басшысын өткен жылдың соңында сайлауы тиіс еді.
Алайда Конституциялық сот шетелдіктердің сайлау процесіне араласуы мүмкін деген күдікпен сайлау қорытындыларын жоққа шығарып, бірінші турда жеңіске жеткен Кэлин Джоржескуға сайлауға қатысуға тыйым салды.
Еске сала кетсек, 2025 жылдың ақпан айында Румыния президенті Клаус Йоханнис отставкаға кететінін жариялады.