Үкімет бағдарламасында бюджет тапшылығын қысқарту, Еуропалық одақ-пен келісілген реформаларды жалғастыру, жеке секторды қолдау және бюрократиялық кедергілерді азайту шаралары қарастырылған. Алайда жаңа кабинеттің басты басымдығы әкімшілік-аумақтық реформа болады. Тағайындалған премьердің айтуынша, бұл реформасыз бағдарламаның өзге тармақтарын іске асыру мүмкін емес.
Томактың кабинетінде үш вице-премьер және 15 министр болады. Сыртқы істер министрі қызметіне қазіргі Сыртқы істер министрінің орынбасары, Румынияның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы-на қосылу үдерісінің ұлттық үйлестірушісі Лука Никулеску ұсынылды.
Қорғаныс министрі қызметіне Румынияның НАТО жанындағы тұрақты өкілі Дан Некулэеску, ал әділет министрі лауазымына президенттің конституциялық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Космин Соаре-Филатов ұсынылды.
Бұған дейін Томак «саяси емес, техникалық үкімет» құруды көздейтінін мәлімдеп, осы мақсатта саяси партиялармен консультациялар бастаған болатын. Алайда келіссөздер нақты нәтиже бермеді.
Премьерге үкімет бағдарламасы мен құрамын дайындауға берілген 10 күндік мерзім жексенбі күні аяқталады. Осы күні тиісті құжаттар парламентке тапсырылуы тиіс. Дауыс беру келесі аптаның басында өтеді деп күтілуде.
Бұрынғы билеуші коалицияның екі партиясы — Ұлттық-либералдық партия мен Румынияны құтқару одағы парламенттегі дауыс беру кезінде Томак кабинетін қолдамайтындарын мәлімдеді.
Ал Социал-демократиялық партия мен Румыниядағы венгрлердің демократиялық одағы әзірге өз ұстанымдарын анықтаған жоқ.
Соған қарамастан, Томак жеке келіссөздер барысында 200-ден астам парламент мүшесінің қолдауына ие болғанын хабарлады. Үкіметті бекіту үшін кемінде 233 депутаттың дауысы қажет.
Бұған дейін Румыния парламенті көпшілік дауыспен үкіметке сенімсіздік вотумын қолдап, соның нәтижесінде министрлер кабинеті отставкаға жіберілген болатын.
Айта кетелік Румынияда саяси дағдарыс: президент ұлттық күштердің ықпалын шектеген еді.