Руслан Әбдіразақов «Сыр барысы» атанды
Салмақ дәрежесіне қарамайтын сайысқа 12 палуан қатысты. Олардың арасында жалағаштық Руслан Әбдіразақов «Сыр Барысы» атанды. Оған «Алтын белбеу» белдігі мен 1 млн 550 мың теңгенің сертификатын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев табыстап, алдағы «Қазақстан барысы» додасында сәттілік тіледі, деп хабарлады облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен.
Биыл бесінші мәрте ұйымдастырылған айтулы бәсеке жанкүйерлер қауымының қызыға тамашалаған шарасына айналды.
«Алтын белбеу» жарысы айдан астам уақытқа созылды. Боз кілемдегі балуандар үш кезең бойынша төрт жас деңгейінде сынға түсті. Ауылдық елді мекендерден басталған биылғы жарыстың аудандық, қалалық іріктеу турларына барлығы 7065 спортшы қатысты.
Жарыстың үшінші кезеңі - ақтық сайысқа Байқоңыр, Қызылорда қалалары мен аудандардан 252 палуан сынға түсіп, өз шеберліктерін шыңдады.
Қазақстан Республикасының Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Сәрсен Құранбек жарысқа қатысушыларды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Алтын белбеу» жарысы өте тартысты өтті. Өйткені әрбір балуанның белдесуге тыңғылықты дайындықпен келгені көрініп тұрды. Жарыста жасөспірімдер арасында Қызылорда қаласының спортшылары жақсы қырынан таныла білді. Ал жасөспірімдер мен жастардан Шиелі ауданының жеткіншектері өздерінің мықтылықтарын байқатты. Ересектер арасында Қармақшы ауданынан келген палуандар да бірнеше жүлдеге қол жеткізді.
«Сыр Арланы» атағын иеленген қармақшылық Айбек Серікбаевқа 882 мың теңгенің сертификаты берілсе, «Сыр Сұңқары» Ерболат Юсуповке - 450 мың теңгенің сертификаты табысталды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербев жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, марапаттады.
Сондай-ақ, әр жас ерекшеліктері бойынша 1, 2, 3-орындарды иеленгген спортшылар алғыс хаттармен марапатталып, оларға қаржылай сыйлықтар берілді.
29 маусым күні Астана қаласында ҚР Президенті жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінде Қызылорда облысынан Р.Әбдіразақов пен А.Серікбаев облыс намысын қорғайтын болады.